15 Наурыз 2020
40

2020 жылдың ағашқы айында БЖЗҚ салымшыларына 1,5 миллионнан астам қызмет көрсетілді

2020 жылдың 1 ақпанына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету аясында жыл басынан бері 1 551 766 операция орындалды. Оның басым бөлігі, яғни 80,4 пайызы (1,25 млн) электрондық форматта жүзеге асырылды. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім - 2 пайыз. Дегенмен көптеген салымшылар зейнетақы қызметтерін алу үшін Қор мамандарына жүгінгенді жөн санайды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында БЖЗҚ кеңселерінде Қазақстан бойынша орта есеппен күн сайын 9 мыңдай операция орындалды.

Ең танымал қызмет – жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу. Бір ай ішінде 1,3 миллионнан астам үзінді көшірме (олардың 93,2 пайызы – электрондық форматта) берілген. Сонымен қатар салымшылар мен алушылардың жеке деректемелерін өзгерту қызметі де сұранысқа ие. Бұл қызметтер негізінен (85%) Қор кеңселерінде көрсетіледі. 

Айта кетелік, егер электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, жеке деректемелерді (электрондық мекенжайы және тұрғылықты мекенжайы) enpf.kz сайтында өзгертуге болады. Оны «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне барып өзгертуге де мүмкіндік бар.

Бір ай ішінде шамамен 51 мың салымшы жеке зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілін өзгерткен. Салымшылар үзінді көшірме алу тәсілін негізінен Қор кеңселерінде (42,7 мың қызмет) және көшпелі қызмет көрсету барысында (5,7 мың қызмет) ауыстырған. Хабарлау тәсілін ауыстыру қызметіне сұраныс әсіресе қыз мезгілінде артады. Мысалы, 2020 жылдың алғашқы айында бұл қызмет бойынша өсім - 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен жоғары болды. Мұның негізінен «Мобильдік кеңсе» жобасы есебінен өскендігін айта кеткен жөн. Жоба аясында салымшыларға қызмет көрсетуде жасанды жер серігі байланысы қондырғысымен жабдықталған шағын автобус пайдаланылады.

Осылайша шалғай елдімекендердің тұрғындары Мобильдік кеңсе арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, ерікті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу, зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілін өзгерту және басқа да қызметтерді ала алады.  

Қазіргі уақытта БЖЗҚ мобильді кеңселері еліміздің 10 облысында (Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Атырау Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс істейді. 

Ал 2020 жылы «Мобильдік кеңсе» жобасы Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылатын болады.  

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы