07 Наурыз 2019
38

ӘЛЕМДІ ӘЛДИЛЕГЕН - АНА

Көктемнің шуақты мерекесі 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді.

Аудандық мәдениет үйінде өткізілген мерекелік кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев барша аналар мен әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтап: «Көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс, баянды бақыт тілеймін!

Әрдайым жадырап, гүлдей құлпырып жүре бергейсіздер» - деп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Түрлі салада белсенділігімен көзге түскен нәзік жандыларды облыс әкімінің және аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.

Нәзік жандылардың құрметіне арналған мерекелік кеште аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.

Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар , әйелдер қауымын үлкен қуанышқа бөледі.