13 Сәуiр 2019
30

«OPEN SPACE» ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін ауданымызға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Байхожаев Берікбол Ұзақұлы арнайы жұмыс сапарымен келді.

 

Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұловтың төрағалығымен жиын өтті. Жиынға қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен мамандары, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Жиын барысында Берікбол Ұзақұлы сөз алып, Елбасы Жолдауында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес Сыр өңірінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы қолға алынып, жобалық кеңсе жұмысының басталғанын хабарлады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты жою, қоғамдық бақылау орнатып және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын тарқатып айтты.

 

Соның ішінде, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі электронды түрде қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.

 

Бұған қоса, мемлекеттік органдардың  жұмысын ашықтық пен жариялылыққа бағдарлап, көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін Агенттіктің бастамасымен «Open Space» технологиясын кеңінен қолдануды ұсынды.

 

«Open Space» технологиясының басты мақсаты қызмет алушыларға қолайлы және кедергісіз жағдайлар жасау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысына деген сенімнің артуына, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністерінің түбегейлі жойылуына мүмкінді береді.

 

 Осы мақсатты көздеген бастама аясында  «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өту шекті мәні кем дегенде 50% болып белгіленді. Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап, үміткерлерге тестілеу сертификаттары мен жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін қолма-қол беру тоқтатылды. Сондай-ақ, қағазбастылықты азайту мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілетін ішкі конкурстарға құжаттарды электронды түрде «E-gov» электронды үкімет порталы немесе электронды пошта арқылы тапсыру қамтылған.

 

Қорытындылай келе, осы бағытта қолға алынған жұмыстарды түсіндіріп өткен Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Ұзақұлы жиынға қатысқандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сыбайлас жемқорлықты мүлдем жою және азаматтардың сұранысына бейімделген кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.