08 Мамыр 2019
30

ҚҰТТЫҚТАУ!!!

 

 

 

    Құрметті жерлестер! 
    Ардақты соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

 

    Баршаңызды – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін батырлық пен жанқиярлық ерліктің, бірлік пен тату тірліктің мерекесі – Ұлы Жеңіске 74 жыл толып отыр.

 

    Расында, Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Сондықтан да, Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс.

 

    Өздеріңізге мәлім сұрапыл соғысқа 1,5 миллионнан астам қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Ұлы отан соғысындағы майдан даласында  ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен            3 аралдық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Ал, аудан бойынша Ұлы Отан Соғысына 12 мыңға жуық адам аттанып, оның   6 мыңы туған өлкеге оралса, қазіргі таңда ардагерлер қатары сиреп, аудан бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсынбаев Берден мен Жанасов Талжан ағаларымыз және  819 тыл еңбеккерлері ортамызда. 

 

    «Ешкім де, ештеңе де, ешқашан да ұмытылмайтыны» ақиқат. Өйткені, бұл қастерлі Жеңіс күні – аға ұрпақтың өшпес ерлігінің, ерен еңбегінің мәңгілік символы!  Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы жеңістің жемісі.  Содан болар, соғыста қаза тапқан боздақтарды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерімізді құрметтеуге асығамыз.

 

    Ардақты ағайын!

    Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі тағы да құтты болсын!

 

    Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр,  шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін.  

 

    Еліміздің болашағы жарқын, Ұлы Дала ұрпақтары намысты болсын! Еліміздің абыройы арта берсін!   

 

 

    Құрметпен,

 

    Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы Оразбаев