31 Мамыр 2019
366

АРАЛДЫҚТАР САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

 

    Бүгін – ел болып саяси қуғын-сүргін  және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ресми деректерге сүйенсек, сол бір нәубет жылдарда Кеңес Одағы тұсында коммунистердің солақай саясаты салдарынан миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. Олардың ішінде қазақ елінің көрнекті ұлдары – Алаш арыстары да болған. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық әлі де қасіреттті жылдарды еске алумен өткізеді.

 

    Осы ретте, бүгін ауданымызда да вокзал маңындағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында «Ұмытылмас тағдырлар» атты митинг өтті.

 

    Шара казақ басына қасірет әкелген сонау нәубетті жылдардағы азапты  бейнелейтін театрландырылған көрініспен бастау алды. Мұнан әрі, құрбандар рухына құран бағышталып, бір минут үнсіздік жарияланды.

 

    Үнсіздіктен кейін жазықсыз жапа шеккендерді еске алудың маңыздылығына тоқталған аудан әкімі М.Оразбаев:

    - Саяси қуғын-сүргін  қаншама жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек.  Қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізе  отырып, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту біздің басты міндетіміз, - деп, ендігі жерде сол бір зұлматты жылдар қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

 

    Әрі қарай, аудандағы бөлімдер мен мекеме ұжымдары құрбандар рухына тағзым етіп, ескерткіш тақта алдын гүл шоқтарына қойды.

 

    Атап өту қажет, осыбір азапқа толы жылдары  Арал ауданынан 400-ге жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, 193 адам ақталып шыққан.

 

    Олардың ішінде Әбдірахман Махатов, Жұбаназар Бекенов, Нығмет Битенов, Әбдіжәми Бектұрғанов, Нұрмағанбет Қосжанов сынды ел перзенттері де бар.