01 Маусым 2019
264

АРАЛДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ МУЗЫКАЛЫҚ ШЕРУ ӨТТІ

    Бүгін Арал қаласындағы орталық алаңда 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті.

 

    Жұмыр жердің ең кішкентай тұрғындарына арналған салтанатты шараға аудан басшысы М.Оразбаев қатысып:

-«Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да, Сендердің жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін!

 

    Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар! Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңнен мейірім кетпесін!» - деп, ізгі лебізін білдіре келе көпшілікті балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруін тамашалауға шақырды.

 

    Атап өту қажет, республика көлемінде биыл үшінші мәрте қолға алынған іс-шараға қаладағы барлық мектеп, аудандық спорт, өнер  мектептері мен оқушылар үйінің, қала балабақшаларының 1500-нан аса өнерлі жеткіншектері қатысты.

 

    Мұндағы мақсат - "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында өскелең ұрпаққа салтанатты шеру арқылы эстетикалық және патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің музыкалық қабілетін дамытып, шығармашылығын қолдауға бағытталған.

 

    Осы ретте, қаланы ән-күйге бөлеген мерекелік шеруде музыкалық ансамбльдер, халық аспаптары оркестрлері, барабаншылар, бишілер, сондай-ақ мажореткалар мен черлидерлер өнерлерін ортаға салды. Олар шағын композициялар ойнап, бірдей қимыл жасап, көрерменге жақсы әсер сыйлауға тырысты.  

 

    Осылайша, жылдан жылға балалардың шеруге деген қызығушылығын арттып келе жатқан шара Арал ауданында игі дәстүрге айналып келеді.