01 Шiлде 2019
188

ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

    Ауданымызда жыл сайын, дәстүрлі түрде көмейінен күмбірлі күй төгіл­ген қасиетті қазақ аспабы «Домбыра күні» жоғары деңгейде аталып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып келе жатқан айтулы домбыра думаны бүгін Арал қаласындағы «"ARZAN PHARM" супермаркеті ғимаратында өтті.

    Айтулы мерекеге орай бір топ домбырашылардың қатысуымен  «Нағыз қазақ – домбыра» атты флешмоб ұйымдастырылды. Шара аясында Е.Қадірқұлов жетекшілік ететін аудандық «Қазанғап» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестірінің жанынан құрылған жас домбырашылар ансамбльі өнер көрсетіп, Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түркмен күйі» атты күйлерін нақышына келтіре орындап шықты.

    Сонымен қатар, А.Есжанов белгілі күйші-композитор М.Сыдықовтың «Домбырам қане жырлашы» атты термесін төгілте жырласа, аудан өнерпаздары А.Төлегенова, Е.Орынбасаровтар ұлттық аспаптың құлағында ойнап, өз өнерлерін ортаға салды.

    Осы ретте, өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, рухани тереңдікке тәрбиелеу жолында домбыраның қазақ өмірінен алар орны ерекше екендігін еске салып, көпшілікті бір серпілтіп тастаған бұл шараның мәні орасан екендігін атап өткен жөн.