03 Шiлде 2019
243

ТӨРТІНШІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСУ

 

 

         Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

         Аудан орталығында орналасқан Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде өткен жылы шырайлы кездесуге Арал ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ардагер журналист Ш.Дәрмағамбетов бастаған бір топ аға буын жазушы-журналистер мен бұқаралық ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген жас буын өкілдері қатысты.

         Журналистер қауымының басын қосқан кездесу барысында аудан басшысы:

          - «Билік пен халық арасында дәнекер болып, ақпарат майданында күні-түні тынбай қызмет етіп келе жатқан төртінші билік өкілдерінің еңбегі қашан да бағалауға лайық. Сіздер әрдайым саяси оқиғаларды барша жұртқа жеткізуде, үгіт-насихат жасауда өзіндік үлес қосып, жедел әрі сапалы жаңалықтардың жаршысы болып келесіздер», - дей келе қазіргі таңда БАҚ өкілдеріне артылар жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті.

         Осы тұста бүгінге дейін қаламы қолынан түспеген ауданымыздың ардагер журналисі Ш.Дәрмағамбетов те бүгінгі күнгі өзекті тақырыптарды қозғап, жас тілшілерге маңызды деген тақырыптарда қалам тербеуге бағыт берді. Сонымен қатар, осы салада қызмет етіп жүрген  шақтарында өткен қызықты оқиғаларын баяндап, тағлымды естеліктерін ортаға салды.

          Одан әрі аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерейлі мерекесі аясында елеулі еңбектерімен іскерлік танытып жүрген сала ардагерлері мен қызметкерлерін облыс әкімінің және аудан әкімінің алғысымен марапаттап, арнайы сыйлығын табыс етті.

          Өз кезегінде бүгінде ардагер журналистер қатарынан табылған Ж.Жақып, Ж.Кемал және Қ.Дәуітовалар да сөз тізгінін алып, көрсетіліп жатқан құрмет пен ғибратты кездесу үшін ризашылықтарын жеткізіп, алғысын білдірсе, абыз ақсақал Ш.Дармағамбетов баршаға ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнады.