05 Шiлде 2019
111

ЕЛОРДА – ЕЛІМНІҢ ҚҰТ МЕКЕНІ

       Бүгін аудан орталығында орналасқан мәдениет үйінде Елорда күніне арналған салтанатты кеш өтті.

       Мерекелік шараға қала тұрғындары мен ардагерлері, мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

       «Елорда – елімнің құт мекені» атты салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жиналған қауымды елорда күнімен құттықтады.

-«Есілдің бойына ел қондырған бүгінгі елордамыз – тәуелсіздіктің төл тарихы, ұлттың ұйытқысы, құт қонған мерейлі мекен!

        Баршаңызға мәлім, биыл мемлекетіміз үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеріп, ел тарихында елеулі оқиғалар, маңызды шешімдер орын алды. Соның бір парасы Отанымыздың орталығы – бас қаламыздың  «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруі болды.

Расында, еңселі елорда еліміздің тәуелсіздікке тән жаңа рухын қалыптастырды, өңірлердің дамуына серпін берген қозғаушы күшке айналды», - деп атап өткен аудан басшысы, өз сөзінде мәңгілік елдің астанасы «Нұр-Сұлтан» қаласының жарқын көрінісін мен маңыздылығын атап өтті.

         Елордамыздың мерейлі мерекесіне орай өткізілген шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.