10 Тамыз 2019
45

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ МЕРЕКЕСІНДЕ ЖАҢА ОҚУШЫЛАР ҮЙІ ҒИМАРАТЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

    Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жаңадан салынғалы жатқан Оқушылар үйі ғимаратының құрылыс алаңында болып, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

    Құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған шарада аудан басшысы ауданның дамуына үлес қосып, абыроймен еңбек етіп жүрген бірқатар құрылысшылар мен сала ардагерлеріне арнайы төсбелгілермен қатар, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

    Мереке қарсаңында ардагер құрылысшы Әбішев Жалеледин ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен және "Байс-А" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, сәулетші Жұбанов Ислам Әзиұлы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен марапатталды.

    Одан соң құрылыс саласының ардагері Есетов Әділбек үнемі қызу жұмыстың ортасында құрылысшылардың жұмысына сәттілік тілеп, ақжарма тілегін жеткізді.

    Марапаттау рәсімінен соң аудан әкімі және аудан ардагерлері 250 орындық Оқушылар үйі ғимаратының іргетасын қалады. Өткен ғасырдың 40-жылдары салынған оқушылар үйінің көне ғимараты апатты жағдайда деп танылған болатын.
    Құрылысшылардың ерен еңбегімен аудан орталығында тағы бір жаңа нысан бой көтермек. Құрылыс жұмыстарын мердігер компания «SCS Ижиниринг» ЖШС жүргізеді.