01 Қыркүйек 2019
47

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

 

    Бүгін барлық білім ордалары оқушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн.

    Осы орайда, қаладағы №14 мектеп-лицейінде өткен Алғашқы қоңырау салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жұмағұлов Бектемір қатысып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тілеп, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

    Алдымен 1 сыныпқа қабылданған оқушылар жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқып, би биледі. 
Мерекелік шарада ата-аналар атынан сөз алған денсаулық сақтау саласының ардагері Нұрхожаев Асылхан оқушылардың мектеп қабырғасында сапалы білім мен саналы тәрбие алып, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестігін білдірді.

    Білім күні мерекесінде әсем безендірілген мектеп ауласында қолдарына гүл шоқтарын ұстаған оқушылар көтеріңкі көңіл-күйде өздерінің сүйікті ұстаздарымен, сыныптас- достарымен қауышты. Салтанатты шара соңында оқушылар асыға күткен алғашқы қоңырау соғылды.

    Бүгін аудандағы 50 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 
1-сыныпқа қабылданған 2250 оқушы мектеп табалдырығын аттады.