05 Қазан 2019
24

ҚҰТТЫҚТАУ!

Құрметті ұстаздар!
Қадірлі білім беру саласының қызметкерлері!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Шәкіртке заманауи білім мен өнегелі тәрбие беріп, ұлттық құндылықтар мен ізгі қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» демекші, мұғалім – адамның тұлға болып қалыптасуына, өмірден өз жолын табуына бағдаршам болатын жан. Сондықтан, ел ертеңін жарқын ететін жастардың жадына адамгершілік пен ізгілік дәнін сепкен, озық ойлы, білімді буын қалыптастырған ұстаз алдында барлығы да қарыздар.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз кеңесінде «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі» деген болатын.
Қазіргі заман ұстаздың сауаттылығы мен біліктілігін, ең бастысы – шәкірт жүрегіне жол таба білетін шеберлікті қажет етеді.

Осы орайда, қабылданғалы тұрған «Педагог мәртебесі» туралы заң білім беру ұйымдарының және білім саласының көкжиегін кеңейте түседі деп санаймын.

Қадірлі ұстаздар!
Дана халқымыз «Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды», - дейді.

Ендеше, ұрпақ тәрбиесі дейтін ұлы көштің басында тұрған Сіздердің еңбектеріңіз бен төккен терлеріңіздің арқасында алда талай елжанды, білімді жас ортаға қосылады деп сенемін.

Сол ұлы істе абыройларыңыз асқақ болсын! Сіздерге әрдайым шығармашылық шабыт, жарқын болашаққа деген сенім, шаңырақтарыңызға шаттық, береке-бірлік, баршаңызға амандық, денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі М.Оразбаев