30 Желтоқсан 2019
55

АРАЛДА ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫМЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Спорт – салауаттылық кепілі, денсаулықтың тірегі.
Осы орайда, бүгін №19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің «Жыл үздіктерін» марапаттау шарасы аясында «Жаңа – күн, Жаңа – бағыт, Жаңа – белес!» атты мерекелік кеш өткізілді.

Ауданымыздың үздік спортшыларына құрмет көрсетілген салтанатты кешке аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, шараны ашып берді.

Аудан басшысы М.Оразбаев өз сөзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірде спортты дамытуға барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын атап өтіп,
- «Спорттың қоғамда алар орыны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, рухтың күштілігінің кепілі. Тәуелсіздік алғаннан бері көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыстарда биікке көтерілді. Бұл мемлекет тарапынан спортқа жасалған қамқорлық пен спортшыларымыздың, бапкерлердің, осы сала мамандарының маңдай терінің жемісі. Осы ретте, Отандық спорттың дамуына аралдық саңлақтар да мол үлес қосуда. Соның ішінде, №19 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің түлектері, жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап артып келеді», - дей келе, спортшыларға марапаттар тапсырып, жаңа жеңістер мен биік белестер тіледі.

Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысы бойынша «Топжарған» номинациясы бойынша Әліби Болатұлы мен Фараби Сауытбаев және Нұрым Сәлімгереев марапатталса, Бауыржан Жүсіпов «Әмбебап жекпе-жектен әлем чемпиондарын дайындағаны үшін» номинациясымен және Бүкіл Әлемдік «UNIFIGHТ» әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті Н.С.Петровичтің алғыс хаты мен медалін иеленді.

Одан әрі аталмыш спорт мектебінің директоры С.Алмағамбетов 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл үздіктерін» марапаттаса, аудандық мәслихат хатшысы Д.Мадинов, аудандық соттың судиясы Н.Бекетаев және «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов жыл қорытындысы бойынша облыстық және республикалық біріншіліктерде үздік нәтижелер көрсеткен спортшыларға Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің алғыс хаттарын табыс етті.

Сонымен қатар, шара аясында 2019 жылғы «Әлем Барысы» чемпионатының жүлдегері, қазақ күресінен және самбодан ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, қазақ күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсат Исағабыловқа спорт мектебінің естелік сыйлығы табысталды.

Спорт саласының толағай табысы мен жемісті жетістіктері сараланған мерекелік кеш одан әрі спорт сүйер қауымның құрметіне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.