06 Ақпан 2020
41

АМАНӨТКЕЛ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗІЛДІ

2020 жылғы 5 ақпан күні Арал ауданы аумағында «Қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін жүргізілетін авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу аудан бойынша су басу қауіпі бар елді мекенде яғни, Аманөткел елді мекенінде болды.

Су тасқыны кезінде орын алатын төтенше жағдайларды жоюға 92 адамы мен 29 бірлік техникасы бар азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылып, күш-құралдарының дайындығы пысықталып, саптық қарау өткізілді.

Саптық қараудан кейін азаматтық қорғау қызметінің дайындығын шыңдау мақсатында іс жүзінде оқу жаттығу өткізілді. Құтқарушылар суға түскен азаматты құтқарып, медициналық қызметке табыстады. Медициналық қызмет зардап шегушіге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп, ауылдық емханаға жеткізді. Инженерлік қызмет судың жырған жерлеріне топырақ үйіп, қомдау, нығайту жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындарынан құралған ерікті жасақтар қапшықтарға құм толтырып, инженерлік қызметке көмектесті.

Өртке қарсы қызметі тұрғын үйлерден адамдарды көшіріп, аулаларға жиналған суларды мотопомпамен тазалау жұмыстарын жүргізді. Ал, көлік қызметі көшірілген тұрғындарды эвакуациялық жинақтау пунктіне тасымалдады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі су басқан аймақты қоршауға алып, үй-жайлармен мүліктердің сақталуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ көлік қызметін қауіпсіз жеткізу үшін жол бастап жүру шараларын үйлестірді.

Жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметі су басқан аймақтан үй жануарларын қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарын ұйымдастырды. Эвакуациялық жинақтау және қабылдау бекеттеріне келген ауыл тұрғындарын тіркеу, ана мен бала және қарттар бөлмелеріне орналастырып, олардың қажеттіктеріне сәйкес медициналық және психологиялық көмектер көрсетілді.

Жалпы командалық оқу жаттығуға жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті нұсқамалық жоспарлар әзірленіп, жоғары деңгейде өткізілді.