Бүгін: 23 мамыр 2018 жыл, (18:25)
A+A-
Нашар көретiндер үшiнҚалыпты нұсқа
Мобильді нұсқа
m.aral.gov.kz
Сенім телефоны: (72433) 2-11-62
Menu

"СОҢҒЫ ПАРЫЗ" - АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА

14 мамыр 2018, Дүйсенбі46

Арал қаласының Мәдениет үйінде облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» атты ашық диалог алаңы – дебат өтті. Аталған мәдени шара «Халықаралық кітап күні» мерекесіне орай ұйымдастырылып, Арал теңізі айдынынан түлеп ұшып, бүгіндері есімі төрткүл дүниеге танылған белгілі суреткер, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романындағы кейіпкерлер әлемін талдауға арналды.

Маңызды шараның идеясын ұсынған аймақтық «Рухани жаңғыру орталығы» мен «Өрлеу» БАҰО АҚ облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты екендігін атап айту қажет. Сондай-ақ шараның сәтті ұйымдастырылып өткізілуіне аталған мекемелердің жауапты қызметкерлері Әлима Жақыпқызы мен Мария Айтбайқызының сіңірген еңбектері зор. Осы ретте жеке қазақ қаламгерлерінің көркем туындысына арналған облыстық деңгейдегі әдеби-мәдени сұхбат алаңының алғаш рет шалғайдағы аудан орталығында өткізілуі де жұртшылық назарын аударды. Әрине, даңқты жерлесіміз, қазіргі қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі әрі абыз ақсақалы Әбекеңнің шығармашылығына арналған шараның табысты өтуіне аудандық білім, ішкі саясат, мәдениет бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары белсенді қолдау көрсетті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» – бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орайластырыла өткізілген әдеби кештің шымылдығы ауданаралық көрмемен ашылды. Алдымен, аудандық Оқушылар үйінің өнерпаздары «Қазақ биін» билеп, көрермендер көңілін бір көтеріп тастады. Мұнан соң аудан тұрғындары мен қонақтар көрме сөрелерінен дебатқа қатысушы ұстаздар мен мектеп оқушыларының Әбекеңнің теңіз тағдырын толғаған шығармаларының сюжеті бойынша салған суреттерін, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын және атақты жазушының әр жылдары баспа бетін көрген кітаптарын тамашалады. Оқушылар салған суреттер «Соңғы парыз» романы кейіпкерлерінің тағдыры, шығарманың әсерлі эпизодтары мен өзге де сюжеттік композициялардың көрініс табуымен есте қалды. Сондай-ақ, пенопластан оймышталып, безендірілген «Арал» ақ кемесі, Әбекеңнің өзі штурвалда отырған шағын катердің фотомонтажы да көрермен көңілінен шыққандай. Көрме сайысының қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орын – Арал ауданына, екінші орын – Қазалы ауданына және үшінші орын Жалағаш ауданына бұйырды.

Жеті ауданның үздік әдебиет­шілері атсалысқан әдеби дебаттың ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, «Толқын» газетінің бас редакторы А.Елеш, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ж.Жақып, білім саласының ардагер ұстаздары Н.Оспанов, А.Жолмағамбетов, А.Бөлекбаев, ардагер журналис­тер Ж.Кемалов, Қ.Дәуітова, т.б. әдебиетке жанашыр азаматтар қатысты. 

Дебаттың ашылу салтанатында алғашқы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов әдебиетші ұстаздарға тілектестік білдірді.

Әдеби сайыс кезінде әр топ «Соңғы парыз» романындағы басты кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сюжеттік тағдырын «жақтаушы» және «даттаушы» негізінде қарастырып, романдағы оқиға көріністерін әр қырынан тереңдей талдады және өздері түйген ой-пікірлерін ортаға салды. Дебат барысында әр екі ауданнан үш-үштен жұптасқан алты ұстаз өздерінің теориялық білімі мен шығарма сюжетін терең меңгерген жеке біліктілік қасиеттері арқылы шешендік қасиеттерін жан-жақты көрсетіп, көрермен көпшілікке үлкен ой салды. Сонымен бірге олар көркем әдебиеттің адам баласының рухани кемелдену үдерісіндегі маңызды рөлін таныта отырып, өздері де ұстаз ретінде оқушылардың белсенді азаматтық болмысын, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыра алатын жоғары қабілетке ие екендіктерін дәлелдеп берді.

Үш кезеңнен және қорытынды бөлімнен тұратын сайыстың қағидалары бойынша ашық диалог алаңының мазмұны ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мақаласында белгіленген прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заманауи әлемдік мәдениет көшіне ілесу, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын ұлықтау ұстанымдарына сай болуы шараның басты шарты ретінде қарастырылды.

Төрт сағаттан аса уақытқа созылған дебаттық сайыс қорытындысына сәйкес I орын Шиелі ауданының ұстаздар тобына бұйырса, II орынды Арал ауданының әдебиетшілер тобы иемденді. Ал, осы әдеби сайыста интеллектуалдық белсенділігімен көзге түскен Қазалы ауданының ұстаздары III орыннан көрінді. Әдеби дебаттың соңы сахналық концертке ұласты.

Көптің көңілінен шыққан әдеби-мәдени шара мұнымен аяқталған жоқ. Түстен кейін дебатқа қатысушылар Арал қаласындағы «Әдебиет үйіне» бет алды. Мұнда қонақтар ардагер жазушының шығармашылық ғұмырбаянымен танысып, қаламгерге арнайы салынған үйдің кітап сөрелері мен сырға толы суреттерді тамсана тамашалады.

Серікбай ҚОСАН.

Ұқсас жаңалықтар

14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
14 мамыр 2018, Дүйсенбі46
Пайдалы сiлтемелер
Қатені байқадыңыз ба?
Белгілеп, үстінен басыңыз Ctrl + Enter
«Арал ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
120100, Арал қаласы, Школьная көшесі, 33
Тел: +7 724 33 21162, факс: 22541
Сенім телефоны: +7 (72433) 2-11-62