Бүгін: 17 тамыз 2018 жыл, (23:50)
A+A-
Нашар көретiндер үшiнҚалыпты нұсқа
Мобильді нұсқа
m.aral.gov.kz
Сенім телефоны: (72433) 2-20-00
Menu

КИЕЛІ МЕКЕН

02 тамыз 2018, Бейсенбі130

Арал ауданы аумағында орын тепкен Ақирек тауының маңында Арыстан баб қорымы аталған орын бар. Бұл қастерлі мекенді білетін жұрт қадір тұтады. Қасиетті мекен Арал және Қазалы аудандарының қақ ортасында, «Батыс Қытай – Батыс Европа» жолы бойындағы Ақбай ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан.

Арыстан бабтың шын есімі - Сәмен әл-Фараси. Арыстан баб аталу себебі, Мұхаммед пайғамбарымыз шексіз ризалығына бөлеп, «арыстаным, бабым» деп арқасынан қағады екен. Содан «Арыстан баб» аталып кеткен.

Әдетте, зиярат етуге ниет еткен азаматтар рухани астанамыз - Түркістанға жақын орналасқан Отырар төріндегі Арыстанбаб кесенесіне арнайы ат басын тіреуге тырысады. Осы топырақтағы ислам дініне мойын бұрған жамағаттың рухани ұстазы атанған әулие жайлы талай аңыз бар.

Сопылық ілімнің аса көрнекті өкілдерінің бірі Сүлеймен Бақырғани өз еңбектерінің бірінде «Бабтардың бабы - Қорасанда, сансыз бабтар - Үндістанда, Бабтар басы - Арыстанбаб» деп жазған екен. Ертеде қазақ бақсылары да «Түркістанда түмен баб, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, Ең үлкені - Арыстанбаб» дейтін. Жалпы, қашанда иісі мұсылман баласына әзиз бабамыз - Арыстанбаб жоғары тұрады. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасында Баба түкті Шашты Әзіздің батырдың әкесі - Байбөріге перзентті болатынын жеткізіп, «Әулиелер жиналдық, бастығы болып Арыстанбаб» деген сөзі бар. Ескі әңгімелерде Арыстанбаб бабамыз осы аймақта өмірден өтіп, мәңгілік мекенін тапқаны айтылады. Десе де, байтақ даламыздың қай жерінен де бабамыздың атымен аталған мекендерді кездестіруге болады.

Аңыздарда Арыстанбабтың мәңгілік мекені деп саналатын жеті жер бар делінеді. Бұл жер де сондай орынның қатарында саналады.
«Ескіден естіген әңгімелер мен кейбір деректерге сүйенсек, Арыстан бабтың кесенесі орналасқан деген жерлер баршылық. Олардың 2-і Иранда, 1-і Сауд Арабиясында, 1-і Қырғызстанда, 1-і Израильде және біздің елімізде 2-і бар делінеді. Бұрын Аралдағы қорым жайында білмегендер олардың санын 6-ға жеткізген. Бұл қорымның ерте заманнан шырақшысы бар. Ол жайында аңыздар да елдің есінде жақсы сақталған.

Бабамыз дүниеден өткен уақытта исі мұсылман баласы арасында келіспеушілік болған деседі. Әрқайсысы ол кісінің жансыз денесін өздері өмір сүретін жерлерге қоюды дұрыс көреді. Дау-дамайдың оңайлықпен оң шешімін таба қоймайтынын анық түсінген мұсылман басшылары оны шешудің өзге жолын іздейді. Бабаның мүрдесін түйелер керуеніне артып жолға шығады. Олардың барлығының түр-түсі бір-бірінен аумайды екен. Мүрде қай түйенің үстінде екенін ешкім де білмейді. Түйелер Арабия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аймақтарын басып өтеді. Оның әрқайсысында бір-бір түйеден шөгіпті. Соңғы екеуі қазақ даласына дейін жеткен көрінеді. Бірі Отырар алқабындағы қазіргі Арыстанбаб кесенесі орын тепкен жерге шөксе, соңғысы Арал топырағындағы Ақирек жеріне дейін келген.

«Осы екі түйенің бірінде бабамыздың сүйегі болған» дейді көнекөздер. Әрине, оның қайсысы шындыққа жанасады? Бұл жайында нақты жауап жоқ. Дегенмен Ақирек етегіндегі киелі мекен неге Арыстанбабқа қатысты айтылады? Оның да жауабын әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Бабамыз кезінде кең-байтақ даламызды аралап жүрген болуы да әбден мүмкін ғой.

Осы кесене жайындағы алғашқы деректерді Қазалы жерінде қызмет істеген ғалым Игорь Аничков еңбектерінен де табуға болады. Көнекөз қариялар бұрынғы кезеңдерде осы аймақтың жасыл желекті жер болғанын айтады. Қамыстыбас, Райым көлдерінің ортасында арал болған. Кесене маңында суы шипалы бұлақ бар. Дегенмен бертін келе ол бұлақ белгісіз себептермен жұрттың көзінен жоғалып кеткен.

Ұқсас жаңалықтар

02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
02 тамыз 2018, Бейсенбі130
Пайдалы сiлтемелер
Қатені байқадыңыз ба?
Белгілеп, үстінен басыңыз Ctrl + Enter
«Арал ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
120100, Арал қаласы, Школьная көшесі, 33
Тел: +7 724 33 21162, факс: 22541
Сенім телефоны: +7 (72433) 2-11-62