Бүгін: 20 қараша 2017 жыл, (19:16)
A+A-
Нашар көретiндер үшiнҚалыпты нұсқа
Мобильді нұсқа
m.aral.gov.kz
Сенім телефоны: (72433) 2-11-62
Menu

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл


 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында атқарылған іс-шаралар

«АРАЛЫМ АЙДЫН ШАЛҚАРЫМ» АТТЫ КЕШ ӨТКІЗІЛДІ     

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 29 наурыз күні аудандағы мәдениет саласының қызметкерлері «Аралым айдын шалқарым» тақырыбымен кеш өткізді. Кеш тамырын тереңнен алатын Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарды суреттейтін көріністен басталып, әнмен әрленіп, өлеңмен өріліп, бимен айшықтала түсті. Кештің жоғары дәрежеде өткенін айтқан аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Оразбаев шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі.

---------------------------------------------------------------------------------------------

ҚАЗАЛЫДА АРАЛДЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР КҮНІ ӨТТІ   

Ертеден қаймағы бұзылмаған қалпын сақтаған көршілес Арал
мен Қазалы аудандарында елдің ауызбірлігі мен өзара татулық жақсы үндестік тапқан. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазыналы Қазалы ауданында өткен Арал күндері. Бұл мерекелі күн қос ауданды одан әрі жақындастыра түсті. Игі іске бастамашыл болған аудан әкімдері Абзал Сансызбайұлы мен Нажмадин Шәкизадаұлы.

Қазалыдағы Арал күні алдымен Арал ауданының тыныс тіршілігі, ата кәсібінің қалыптасуы мен төл өнерінің майталмандарын танытатын көрмеден басталып, екі ауданның жас өрендерінің концерттік бағдарламасына жалғасты. Мерекелі күн әрі қарай Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде Арал ауданы өнерпаздарының «Армысыңдар, Қазалылық бауырлар, Арал келді, жырын төгіп, қабыл ал!» атты кешіне ұласты. Кеш соңында қос ауданның басшылары сөз сөйлеп, мұндай мәдени байланыстың алдағы уақытта дәстүрлі жалғасын табатындығын айтты.

---------------------------------------------------------------------------------------------


АРАЛДА ЕРКІН КҮРЕСТЕН АШЫҚ ТУРНИР ӨТКІЗІЛДІ

2016 жылдың 11 сәуір күні Арал қаласындағы Спорттық сауықтыру кешенінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Арал аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі мен №19 Арал АОРМБЖ-нің ұйымдастыруымен спорт шебері ЖАНЕСЕНОВ ОҢДАСЫН НАҚЫЛҰЛЫН еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірім ер және қыз балалар арасындағы облыстық ашық турнир өткізілді.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары
М.Оразбаев пен Оңдасын Жанесеновтың анасы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Арал ауданының ауылдық округтерінен келген палуандардан басқа, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Ембі, Шиелі аудандарынан 200-ге жуық палуандар бақ сынады.

---------------------------------------------------------------------------------------------

АРАЛДА ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ АУДАНДЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТКІЗІЛДІ  

2016 жылдың 2 - 7 сәуір аралығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында «Аралым-өнердің алтын бесігі» атты қалалық, кенттік, ауылдық округ өнерпаздарының аудандық байқауы өткізілді.
Байқау мынадай шарт негізінде өтуде:
•«Ел - іші өнер кеніші» қолөнер шеберлері туындыларының көрмесі
•«Тәуелсіздік-ел бақыты» үгіт топтарының қойылымы
•«Әнші дауысы» ауыл ішінде ерекше дауысымен танылған таланттар бәйгесі;
•«Кәнекей тілім сөйлеші» термеші, жыраулар сайысы;
•«Айтыс өнері» ақындардың ауыл жетістігі туралы арнауы;
•«Бидің сыры» бишілер сайысы
•«Тәуелсіздікті жырлаймын» ақындардың поэзиялық шығармашылығы.
 
---------------------------------------------------------------------------------------------

МӘДЕНИЕТ – МӘҢГІ, ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ

Арал аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының

Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі аясында осындай тақырыппен мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай мерекелік кеш өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Абзал Мұхимов қатысты.

Ауданымыздың мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған А.Мұхимов: « Мәдениет – адамзат тарихының күретамыры, ажырамас бір бөлігі десек, өнер – мәдениеттің айнасы, елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Біз әрқашан Аралдың топырағынан шыққан Ә.Нұрпейісов, Ж.Әбдірашев, З.Шүкіров, Ш.Сариев, Қ.Сұлтанбаев, М.Сыдықов, Б.Тәңірбергенов, Н.Айдәулетова сынды өзге де ұлт мақтаныштарымен, өнер майталмандарымен, осы отырған баршаңызбен мақтанамыз. Киелі өнер жолында Аралды ел-жұртқа танытып, биіктерден көрсетіп жүрген сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!» - деді.

Мерекелік шара одан әрі аудан әкімінің бір топ сала қызметкерлерін марапаттау рәсімімен жалғасты. Сондай-ақ, «Аралым – өнердің алтын бесігі» атты қалалық, кенттік, ауылдық округ өнерпаздарының аудандық байқау қорытындысы бойынша өнерпаздарды Дипломдармен, Алғыс хаттармен марапаттады.
«Ел іші – өнер кеніші», - дегендей мерекелік кеш ауданның үздік күйші, күміс көмей әнші, талантты өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында Қазақстанның Тәуелсіздігі, «Мәңгілік Ел» болу ұраны кеңінен насихатталып, мерейлі мереке жоғарғы деңгейде аталып өтті.

---------------------------------------------------------------------------------------------

«ТЕЛЕГЕЙ ЖЫРЫ ТЕҢІЗДІҢ» АТТЫ КЕШ ӨТКІЗІЛДІ
 
Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерді дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Өйткені, өнер – өміршең, тарих – мәңгілік. Арал аудандық Мәдениет орталығы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырған «Телегей жыры теңіздің» атты жыршы-термешілер кешінің жалпы мазмұны осыған саяды. Кеште халық өнері мен тарихынан сыр шертетін қисса-дастандарды, жыр, толғау, термелерді төгілте жырлаған Аралдық жыраулар тыңдаған жұрттың жігерін жанып, рухын бір көтеріп тастады.

Айтулы жыр кешіне Арал өңірінің жыраулық өнерін насихаттап жүрген Серікқали Жұбаниязов, Айбек Тәңірбергенов, Салтанат Қожахметова, Ерсейіт Әлиев сынды өзге де жыр дарабоздары мен Қазалы өңірінен арнайы келген белгілі жыршы Марат Сүгірбаев қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Осылайша, сүлейлер салған сара жолды жалғап, киелі өнерге бас иген жыршы-термешілер жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп қайтты.

---------------------------------------------------------------------------------------------

АРАЛ АУДАНЫНДА АТ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесі аудан әкімдігі мен Арал аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен қаланың сыртындағы ипподромда ат спорт түрлерінен жарыс өткізілді.

Мұнда тұлпарды серік еткен спортшылар «Ат бәйгесі», «Теңге ілу» және «Аударыспақ» ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Ат бәйгесі облыстық деңгейді өтті. Жарысқа Қызылорда қаласы мен облысқа қарасты барлық аудандардан шабандоздар келіп қатысты. Ат бәйгесінің түрлері бойынша Тай бәйгеде 17, Тоқ бәйгеде 18, Құнан бәйгеде 19 және Аламан бәйгеде 22 тұлпар бақ сынады. Оқ бойы оза шапқан шабандоздар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтарының демеушілігімен тағайындалған ақшалай сыйлықтарға ие болды. 3-орынның жүлдесі 50 мың, 2-орынның жүлдесі 100 мың және 1 орының жүлдесі 200 мыңды теңгені құраса, Аламан бәйгенің бас жүлдесіне БОТАЛЫ ТҮЙЕ тігілді. Сонымен қатар, әншілер де бабалар қорғап, аманат еткен сары даланы әсем әнмен тербетіп, концерттік бағдарламаларын ұсынды.

---------------------------------------------------------------------------------------------

«ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ПОЛИЦИЯ» ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ АШЫҚ ТУРНИР ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін Арал қаласының Орталық алаңында ауданық Ішкі істер бөлімі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және №19 Арал ауданының ОРМБЖМ-ің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында және 23 маусым – Қазақстан Полициясы күніне орай ұйымдастырылған "ЕЛ ҚОРҒАНЫ - ПОЛИЦИЯ" атты аудандық ішкі істер бөлімі кубогі үшін ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық турнир болып өтті.

Турнирге ауданымызға қарасты елді мекен, Арал қаласының палуандары және Шалқар ауданынан келген жасөспірімдер қатысты. Жалпы жарысқа қатысушылар 10 салмақ дәрежесінде белдесті.

1. 23 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Беркінұлы Ораз, Қарақұм ауылының палуаны.
2. 26 кг кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Жұманов Кенжебек, Шалқар ауданы.
3. 29 кг кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Сақтағанов Әділбек, Жақсықылыш кенті.
4. 32 кг кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Бақдәулетов Асылхан, Аралқұм ауылы.
5. 35 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Әлкебаев Мейірбек, Қарақұм ауылы.
6. 38 кг кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Маженов Әлішер, Аралқұм ауылы.
7. 42 кг кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Кеңесбай Ердәулет, Арал қаласы.
8. 46 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Смағұлов Нұрасыл, Арал қаласы.
9. 50 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Жалғасбаев Бекарыс, Жақсықылыш кенті.
10. +50 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын – Әуесов Нұржан, Арал қаласы.

---------------------------------------------------------------------------------------------

ҚАМЫСТЫБАСТА ЖАҒАЖАЙ ВОЛЕЙБОЛЫ ӨТТІ
    
Арал ауданы Қамыстыбас көлінің жағасындағы демалыс аймағында Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және Қамыстыбас ауылдық округі әкімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ВОЛЕЙБОЛДАН жазғы демалыс маусымының ашылуына орай ауыл жастары арасында аймақ біріншілігі өтті.

Жарысқа 16 жастан жоғары ер азаматтардан құралған 11 команда қатысты.
Негізінен жағажай волейболы спорттың ең бір қызықты әрі күрделі түрі. Тартысты өткен бәсекелердің қорытындысы бойынша I орынды Қазалы ауданы иемденді. Ал, жақсы ойын өрнегін көрсеткен Жақсықылыш кентінің спортшылары II орынды қанжығасына байласа, Аманөткел командасы жарыста III орыннан көрінді.

---------------------------------------------------------------------------------------------

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ІІ АРАЛ ӨҢІРІ БАЛЫҚШЫЛАРЫ СЛЕТІНІҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫ

Арал ауданы Қамбаш көлінің жағасындағы дәстүрлі Арал өңірі балықшыларының ІІ слеті Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс аталып өтті. Екі күнге жоспарланған шара көл үстіндегі көңілді думанды баяндайтын арнайы театрланған көріністі тамашалауға ұласты. Арнайы сахыналанған қойылымда балық шаруашылығын өмірінің өзегіне айналдырған балықшылардың өмірінен сыр шерткен бейнелер де көрініс тапты.

Мұнан соң, шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, слет қатысушыларын марапаттап, жылы лебізін жеткізді.
- Елбасының бастамасымен Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші бөлігінің жүзеге асырылуы нәтижесінде Арал өңірінің балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. Балық шаруашылығы одан әрі дамып, жаңа белестерге шығатына толық сенімдіміз. Өйткені, елдің тілегін Елбасы қолдауда! Күннің суығы мен ыстығына қарамай осы саланың дамуына үлес қосып жүрген жерлестеріміздің еңбегіне құрмет көрсету – біз үшін үлкен абырой, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сала озаттары мен ардагерлеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгілері мен облыс әкімінің алғыс хаттарын және облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарын тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімі Арал қаяз балығын сырғалап суға жіберу рәсіміне қатысты. Шара соңында белгілі эстрада әншілері Г.Оразымбетова, Л.Жолдасов, «Дауыс kz» әуелете ән шырқап, ауданның белгілі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

---------------------------------------------------------------------------------------------

АРАЛ АУДАНЫНДА АТ ЖАРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Ауданға қарасты Сексеуіл кентінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Спорт күніне орай ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс өтті.
Дүбірлі додаға Арал ауданы және Қазақстанның әр аймағынан, Қызылорда облысы аудандарынан 31 шабандоз қатысты.
Ұлттық ат спортының түрлері «Тай жарысы», «Құнан бәйгесі», «Топ бәйгесі» және «Аламан бәйгесі» бойынша топ жарған 1-орын иегерлері автокөлік және мотоцикл иеленді. Қалған 2,3,4,5-ші орынды иемденген жарыс қатысушыларына 700 мың теңге мен 50 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Ұлттық спорт түрін кеңінен насихаттап, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ата-салтымыздың мұрагерлері шабандоздардың шеберлігін шыңдауды мақсат еткен ат жарысы жоғары деңгейде өтті.

---------------------------------------------------------------------------------------------

Ы.ӘБІЛОВ АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ БІРІНШІЛІК ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Ағымдағы жылдың 18 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімдігі және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Футболдан Ыбырай Әбілов атындағы аудан біріншілігі аяқталды.
Бір айға созылған жарыстың мақсаты – өмірден ерте озған, жас өрен Ыбырай Әбіловті еске алу және өңірімізде футбол спортын дамыта отырып салауатты өмір салтын ұстану болып табылады. Жарысқа 16 команда жалпы 260-қа жуық ойыншы қатысты.
Осы ретте, кеше орталық стадионда спорт күніне орай аудан біріншілігінің жабылу салтанаты өтті. Арнайы шарада аудан әкімінің орынбасары Ж.Әлішева сөз алып, мерекелік лебізін білдіріп, спорт саласының белсенді қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

---------------------------------------------------------------------------------------------

"АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ" АТТЫ АУДАНДЫҚ МҮШӘЙРА ӨТТІ

Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай аудандық мәдениет орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жазба жас ақындар арасында «Ана тілің – арың бұл» атты аудандық мүшәйра болып өтті.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мүшәйрада ауданымыздың мектептерінен 19 үміткер бағын сынады. Өскелең ұрпақтың өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жас ұрпаққа ана тіліміздіңтұғырының мықты болуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуді мақсат еткен аталмыш шара екі кезеңде өткізілді.

 


 

25 шiлде 2016
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелердің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында атқарған іс-шаралары
Жүктеу » (1008.3 Кб)
12 шiлде 2016
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты атқарған іс-шаралары 
Жүктеу » (224.21 Кб)

Пайдалы сiлтемелер
Қатені байқадыңыз ба?
Белгілеп, үстінен басыңыз Ctrl + Enter
«Арал ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
120100, Арал қаласы, Школьная көшесі, 33
Тел: +7 724 33 21162, факс: 22541
Сенім телефоны: +7 (72433) 2-11-62